Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы қабылданған заң өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне жаңа серпін берді. Жыл басынан бері Түркістан облысының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бастайды. Өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4%-ды құрады. Осылайша, 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша Түркістан өңірі қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткішімен ел бойынша көш бастап, бірінші орынға шықты.
Өңір экономикасының өсімі, негізінен, тау-кен, өңдеу, уран өндірістері, құрылыс индустриясы мен ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілеу есебінен орын алды.
5 ай көлемінде Түркістан облысындағы өнеркәсіп өнім көлемі 593,0 млрд. теңгені құрап, 14,8%-ға артты. Бекітілген жоспар 105,5%-ға орындалды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің үлесінде – 280,4 млрд. теңге болса, тау-кен өнеркәсібіндегі өндірілген өнім көлемі 259,6 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығындағы өндірілген өнім бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 194,3 млрд. теңгені құрап, өсім 6,3%-ға артты. Түркістан облысының туризм, ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде жылыжайда көкөніс өсіру бағыттары елімізде жетекші орын алады. Ауар-райы қолайлы, еңбекқор халқы бар. Өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, өнімнің сапасын жетілдіруге және технологиялық даму деңгейін арттыруға баса мән беретін бірден-бір аймақ. Осы мақсатта заманауи агротехнологияларды енгізу, тамшылатып суару жүйелерін кеңінен қолдану, жылыжайларды автоматтандыру, сондай-ақ логистика мен экспорттық әлеуетті дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117,4 млрд. теңгені құрап, өсім 1,4 есе артты. Жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 306,1 мың шаршы метрге жетіп, жоспар 125,5%-ға орындалды. Сауда көлемі 269,7 млрд. теңгені құрап, жоспар 1,6 есе артығымен орындалды.Көлік және қоймалау қызметінің көлемі 209,3 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға артқан. Байланыс қызметінің көлемі 4,9 млрд. теңгені құрап, 15,2%-ға артты.
Түркістан облысы – тұрақты даму жолындағы мүмкіндігі мол аймақ. Жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар жалғасуда. Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады.
Айта кетейік, Қазіргі таңда Түркістан облысы Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретінде танылып келеді. Өңірге келген туристер саны жыл санап артып, бір күндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Мұндай көрсеткіштер туризмді облыс экономикасының жаңа драйверіне айналдыру мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені анық. Сонымен қатар, Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Өңірде өндіріс саласына инвестиция тарту мен заманауи кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берілген. Аумақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар маңызды ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін береді.