Түркістан облыс орталығы болғанына биыл 7 жыл! Осы уақыт аралығында Түркістан т.рленіп, дамудың жолына түсіп үлгерді. Өңірддің басты мақсаттарының бір инвестиция тарту, туризмды дамыту. Осыған орай Түркістанға жан-жақтан шет елдерден инвесторлар келіп, өңірге қызығушылық танытып, келіссөздер жасауда. Соның бірі, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстаннан келген инвесторлармен кездесті. Кездесуде «U-UMAX Group» компаниясының өкілдері Түркістан облысымен әріптестік және іскерлік байланыс орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Өңір басшысы Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын айтып, сөйлесті.
– Өзбекстан – көршілес мемлекет қана емес, бауырлас ел. Бүгінгі кездесуіміз нақты жоспарлар бойынша пікір алмасу үшін тиімді алаң деп білемін. Орталық Азиядағы экономикасы дамып келе жатқан қос мемлекет арасында байланыс өте жоғары деңгейде. Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Жобаларды бірлесе жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейтіп, халықты жұмыспен қамту. Түркістан облысының туризм, ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде жылыжайда көкөніс өсіру бағыттары елімізде жетекші орын алады. Ауар-райы қолайлы, еңбекқор халқымызбен мақтанамыз. Біз өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, өнімнің сапасын жетілдіруге және технологиялық даму деңгейін арттыруға баса мән беріп отырмыз. Осы мақсатта заманауи агротехнологияларды енгізу, зауыттарды көптеп ашу, жылыжайларды автоматтандыру, сондай-ақ логистика мен экспорттық әлеуетті дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сіздер Түркістан облысына келіп, өңіріміздің инвестициялық әлеуетімен таныс болдыңыздар. Әр өлкенің өзіндік тарихи-табиғи даму ерекшеліктеріне орай оны мекендеген халықтың да өзіндік шежіресі, мәдени дәстүрі мені рухани-әлеуметтік құндылықтары қалыптасатыны белгілі. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға үміт артамыз. Біз өз тарапымыздан бизнесін дамытуға ұмтылған барлық компанияларға толық қолдау көрсетуге дайын екенімізді сенімді түрде айтқым келеді және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа сенемін. Біздің облыста бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, бизнеске қаржылай көмек көрсету кезінде негізгі қоятын талабымыз – өңір тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Өз тарапымыздан толық қолдау көрсетуге дайынбыз және өңірдің туристік әлеуетін көтеру, инвестициялық жобаларды іске асыру ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз. Ұсыныстарыңызды қарастыруға дайынбыз. Зерделеніп, тиісті шешім қабылданады, – деді Нұралхан Көшеров.
Өзбекстандық кәсіпкерлер құрылыс, жол, теміржол және өзге де салалар бойынша жобаларды қарастыратындарын жеткізді. Ұсыныстарын айтып, Түркістанға қызығушылық танытқандарын жасырмады. Екі тарап ортасында әріптестікті, байланысты нығайту жолдары талқыланып, келіссөздер жүргізілді.
Айта кетейік, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысы Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретінде танылып келеді. Өңірге келген туристер саны жыл санап артып, бір күндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Мұндай көрсеткіштер туризмді облыс экономикасының жаңа драйверіне айналдыру мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені анық. Түркістан облысының ілгері даму жолындағы қарқынды жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.