Қазақ халқы және түркітілдес елдер үшін Түркістанның орны айрықша. 2018 жылы Түркістан облысы құрылды. Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, рухани астана ретінде дамып жатқанына 7 жыл толды. Осы уақыт аралығында өңірді дамыту іс-шаралары аймақтың экономикасына тың серпін берді. Түркістан бүгінде миллиондаған туристер мен қонақтардың тамашалауға асығып келетін мекеніне айналды. Бүгінгі Түркістан – тек әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана дамып қоймай, мәдени-идеологиялық жағынан да дамып жатқан өңір. Түркістан қаласында жоспарланған жобалар аясында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда. Ал, Түркістан облысында жаңа өндіріс орындары ашылуда. Бұған дейін, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту және өнеркәсіп саласын күшейтуді жіті тапсырған болатын. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобаларды іске асыру барысы талқыланып, түйіткілді мәселелерді шешу жолдары кеңінен талұыланып, қаралды.
Аймақ басшысы өткен штаб отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын бақылап, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма жүктеді.
– Түркістан өңірінің экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, дотациядан шығаруымыз керек. Алдымызда тұрған міндетті аса жауапкершілікпен атқару қажет. Біз әрбір жобаның сәтті жүзеге асуына қолдау көрсетеміз. Кедергілерді шешуге көмек көрсетіңіздер. Мақсатымыз бір – жаңа өндіріс орындарын іске қосу. Инвестиция тарту. Жаңа жоба – жаңа жұмыс орны, жаңа табыс көзі. Аталған жобалар іске асып, облысымыздың экономикасының дамуына драйвер болады деп сенемін, – деген Нұралхан Оралбайұлы әрбір жобаны жіті бақылап, жұмысты ширатуды тапсырды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйін баяндап, қажетті инфрақұрылыммен қамту мәселелеріне тоқталды.
Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік аймағында орналасқан «TALIFA» ЖШС-ның кептірілген жемістерді өндіру жобасын іске қосу мақсатында өндірістік ғимараттың құрлысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 30 тоннаға жуық шикізат (кептірілген жүзім) Түркістан қаласына жеткізілген. Кәсіпорын 1 ай көлемінде жұмысын бастамақ. Түркістан қаласының «Turkistan» индустриалды аймағында «Мұнай Инвестмент Групп» ЖШС битум өндіретін зауыт пен битум қоймасын салу жұмыстарын қолға алды. Қазіргі уақытта қажетті 5 шақырым теміржол желісін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Шардара ауданында орналасқан «Казкрахмал» ЖШС тарапынан жүгеріні терең өңдеу зауыты жобасы іске асырылып жатыр. Бүгінде жүгері дәнін егуге 400 гектар жер учаскесі қарастырылуда. Одан бөлек, тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіретін зауытты, жиһаз фабрикасын, ет комбинатын, бу қазандықтарын құрастыратын зауытты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Айта кетейік, Түркістан облысы экономикасының дамуына тың серпін беретін және 2025-2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биыл 322 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын құру жоспарланған. Сондай-ақ, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысы Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретінде танылып келеді. Өңірге келген туристер саны жыл санап артып, бір күндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Мұндай көрсеткіштер туризмді облыс экономикасының жаңа драйверіне айналдыру мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту экономикада маңызды бағыт болып есептеледі. Елімізде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында келеді. Облысқа өткен жылы 888 млрд теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар, өткен 2024 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспардан 1,5 есеге артығымен орындалған. Түркістан облысы – халық саны ең көп өңірдің бірі. Сондықтан аймақта жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамытуға айрықша басымдық берілген. Сонымен қатар, өткен жылы Түркістанда халықаралық инвестициялық форум өтті. Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT & TOURISM FORUM» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Форумға жалпы 1729 адам, 127 компания қатысты. Форум аясында жалпы соммасы 301,4 млрд. теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды. Түркістан өңірінде инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғаса бермек.