Медицина саласының сан салалы сатысынан өтіп, мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі маман қай кезде де қадірлі емес пе? Мейлі ол дәрігер, мұғалім немесе журналист болсын әр саланың өз қызығы мен естеліктері бар. Соның ішінде ақ халатты дәрігер атану үлкен жауапкершілік дейді,- Ақтолқын Таубаева. Ақтолқын Сайинқызы Түркістан облысы қазіргі «Сауран ауданы, Шорнақ ауылы, «Сауран аудандық емханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Шорнақ бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығында жалпы тәжірибелі дәрігер. Қазақ мемлекеттік медицина университетінің «Балаларды емдеу» мамандығы бойынша оқуды аяқтап, бүгінде сүйікті саласында 24 жылдан бері аянбай қызмет етіп келеді. Балалар дәрігерінің маманы өзінің күнделікті қарбалас жұмысынан бос уақыт тауып, жастарға білген-түйгенін үйретуден әсте бір жалыққан емес.
— “Дәрігер — арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек” деген сөз бар. Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен ертеректе. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу ол да бір өнер. Дәрігер деген өте маңызды, жауапкершілігі мол мамандықтардың бірі. Дәрігер болу менің бала кездегі арманым. Мамандық таңдауда ешқашан күмәнім болған емес, себебі әжем әрқашан «дәрігер боласың» деп айтып отыратын, кейін бұл қызығушылық менің де арманыма айналып, әке- шешемнің қолдауымен мектеп бітірген соң Қазақ мемлекеттік медицина университетіне түстім. Дәрігер болу әрине оңай емес. Оған шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса жауапкершілікпен бірге адамның тәнін ғана емес, жанын емдей ала білу маңызды. Ең бастысы, мамандыққа деген адалдық. Тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпай, әрдайым ізденісте жүруге дағдылану керек,-деді Ақтолқын Таубаева.
Емхана көлемінде жүргізілген қоғамдық, мәдени іс-шараларға белсене араласатын дәрігер, әрқашан жауапкершілігімен және жоғары орындаушылықпен ерекшеленеді, бастамашыл. Аудан көлемінде емхананың танылуына және оның өркендеуіне, сапалы медицина мамандарын даярлауда өз үлесін қосуда. Жоғары санатты қызметкер, 1997 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университеті, «балаларды емдеу» факультетін бітірген. 1997 жылдың тамыз айынан бастап Түркістан қалалық балалар ауруханасында дәрігер-стажер болып бастап, 1998 жылы балалар дәрігері, 1999 жылы Түркістан қаласының №18 отбасы дәрігерлік амбулаториясында аймақтық балалар дәрігері қызметінен бастады. Ал6 2000-2006 жылдары ОҚО, Түркістан қаласы №5 ОДА-да және қалалық орталық ауруханасында балалар дәрігері қызметін атқарған. Содан кейін, 2006-2017 жылдары аралығында Шорнақ ауылдық ауруханасында жасөспірімдер дәрігер қызметін абыроймен атқарды. Бертін келе, 2018-2022 жылдары ОҚО ДСБ-ның ШЖҚ «Түркістан қақалық емханасы» МКК-ның, кейін ШЖҚ «Кентау қақалық емханасы» МКК-ның «Шорнақ» дәрігерлік амбулаториясында күндізгі бөлім дәрігері қызметін атқарды. 2022 жылдан бастап бүгінге дейін ТО ДСБ-ның «Сауран аудандық емханасы» ШЖҚ МКК-ның «Шорнақ» БМСККО-да жалпы тәжірибелі дәрігер қызметін атқарып келеді. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейтіні белгілі. Жалпы дәрігер болғысы келетін жандар көп екендігі айтпаса да түсінікті, алайда екінің бірі дәрігер бола алмайды. Тек адам анатомиясын терең зерттеуге қабілеті жоғары, жиіркенбейтін, қорықпайтын, науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан ғана осы мамандықты ала алады. Әрине, адам өміріндегі ең құнды нәрсе — оның денсаулығы. Дәрігер болмаса, науқасқа оның ауруларымен күресуге кім көмектеседі? Дәрігердің жеке басының қалыптасуы-бұл жалпы объективті заңдылықтарға және өз күш-жігеріне бағынатын күрделі процесс.
— Әйел бақыты – отбасының тыныштығы, бірлігі, әке- шешесінің амандығы, әулеттің берекесі, адал жары, аяулы ана атануы. Балаларының шаттығы, жақындарының жылулығы және сүйікті мамандығы, қоғамдағы орны деп ойлаймын. Мына өмірде армансыз адам жоқ шығар. Бірі байлықты қаласа, бірі денінің саулығын армандайды. Әркім өзіне керектігісін армандамай ма? Адам өзінің талабы, еңбегі, білімі арқылы қиялындағы арман – ойларын іс жүзіне асыра алады. Менің армандарым көп, бастысы денсаулықты тілеу керек, өйткені деніңіз сау болмаса – барлық армандарыңыз, жай ғана арман болып қалуы мүмкін,- деді жоғары санатты дәрігер.
Жалпы емханада, жалпы тәжірбиелі дәрігерлер медициналық практикада қолдануға рұқсат етілген профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың заманауи әдістерін қолдана отырып, өз мамандығы бойынша білікті медициналық көмек көрсетеді. Қызметкерлерді 100% мерзімдік медициналық тексеруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жыл сайын аурудың алдын алу және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына үйрету бойынша санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу кестесін жасайды. Кестеге сәйкес аурудың алдын алу және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына үйрету бойынша санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізеді. Мерзімді медициналық тексерулердің нәтижелері бойынша кәсіпорындағы аурушаңдықты талдайды. Мейірбике станциясының тиісті құжаттамасын жүргізеді және медициналық орталықты қажетті құрал-жабдықтармен, қажетті дәрі-дәрмектермен, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстарын атқарады. Әсіресе, дәрі-дәрмек пен дезинфекциялау құралдарының дұрыс пайдаланылуына жауапты.Мұндай жауапкершілік көбінесе адамды қатайтып, мамандығына деген адалдықты шыңдай түсетіні анық.
- Мен өз кәсібіммен мақтанамын. Бұл- менің мамандығым. Менің таңдауым! Себебі, денсаулық – кез-келген адам үшін баға жетпес байлық! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Сауран аудандық емханасында білікті дәрігер мамандар көп. Барлығы өз ісіне ұқыпты. Жауапкершілікті сезінеді. Күні-түні еңбек етіп, оның алғысын алған адамнан асқан бақытты жан жоқ деп ойлаймын. Елімізде жалпы облысымызда медицина саласы жыл сайын дамып келеді. Оны мойындау керек. Ауданымызда медицина саласына, дәрігерлерге қолдау көп. Біз бұрынғы кезбен салыстырғанда әлде қайда даму жолында еңбек етіп келеміз қазір. Жаңа технология, соңғы үлгідегі аппараттар қолжетімді,-деді кейіпкер.
Дәрігер-бұл басқа адамға түсіністікпен қарауды, сезінуді, түсінуді білетін адам. Бұл — жанды ашуға, өз проблемалары туралы айтуға болатын адам. Риясыз көмек алуға болатын адам денені ғана емес, жанды да емдейді. Дәрігер ар-ұждан, ар-намыс, парыз, қадір-қасиет сияқты ұғымдарды ұстануы керек. Ол — өзіне және басқаларға адал болатын, ішкі адамгершілік қадір-қасиетін, адалдығын, жанның тектілігі мен таза ар-ожданын тәрбиелейтін, қиын уақытта көмектесетін тәлімгер. Мейірімділік принципі-науқастың игілігі үшін әрекет ету, шешім қабылдау, пациенттің денсаулығы туралы, оның әлеуметтік мәртебесіне, жасына қарамастан, шешім қабылдауға және жауапкершілікте болуға, қалпына келтіруге сенім ұялату. Патриотизм – ол адам баласының туған жерге адалдығының, сүйіспеншілігінің, риясыз махаббатының белгісі, ұлтшылдыққа, рушылдыққа, жершілдікке, жікшілдікке ұласпаған, парасатты ойынан туатын асыл қасиеті, оның қоғамға қарым-қатынасын білдіретін ішкі қағидасы.