Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда. Бүгінде ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бастайды. Өткен 2024 жылы Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімінің көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн. теңгеден асқан. Оның ішінде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1 214,0 млрд. теңгені құраған. Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі де өсіп келеді. Кәсіпкерліктің дамуы да – басты назарда. Осы түста өңірге қарасты аудан, қалаларда индустриалды аймақтар құрылып, жүздеген жобалар жүзеге асуда. Соның бірі Сауран ауданы. Сауран ауданында өндірістік аймақтарды дамыту — өңір экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашудың нақты тетігі. Түркістан облысына қарасты Арыс қаласы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас және Төлеби, Бәйдібек аудандарының әкімдері, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен бөлімдерінің басшылары, ауылдық округ әкімдері Сауран ауданына арнайы іс-сапармен барды. Басты мақсаты – өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың тиімді тәжірибелерімен танысу, индустриялық жобалардың жүзеге асу барысын көзбен көру, инвестиция тартудың тиімді жолдарымен танысу, нысандарды аралап, тәжірибе алмасу.
Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамыту бағытында басымдық берілуде. Ауданда 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылуда. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.
Қонақтар сапар барысында алдымен Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркті аралап көрді. Аталған өндірістік аймақта бүгінде бірқатар ірі жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелері мен тіркемелі техникалар шығаратын «BNK GROUP LTD» ЖШС-нің жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және басқа да елдерге экспорттауды көздейді. Сол аумақта орналасқан тағы бір кәсіпорын — «Aqniet Holding» ЖШС мектеп, кеңсе және медициналық жиһаз өндірісімен айналысады.
Делегация Иассы ауылдық округіне қарасты Еңбекші Дихан елді мекенінде орналасқан өндірістік аймақты аралап, ондағы жобалармен танысты. Бұл аумақта 9 гектар жерге 24 жобаны орналастыру жоспарланған. Солардың бірі — «AR Group LLP» ЖШС, кәсіпорын клинкер қасбеттік плиткалар өндірісін жолға қойған. Өнімдер құрылыс саласына қажетті сапалы материалдар қатарын толықтырып отыр.
Келесі кезекте делегация Қарашық ауылындағы 10 гектарлық өндірістік аймақты аралап шықты. Мұнда жалпы 20 жобаны жүзеге асыру көзделген болса, қазіргі таңда 12 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Сонымен қатар, Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын, «Asia Brand» ЖШС корпустық жиһаз, «DIVALUX» ЖШС жұмсақ жиһаз өндіретін кәсіпорындар да араланып, жұмыс барысы таныстырылды.
Аудан және қала әкімдерінің бұл сапары өндірістік нысандарды аралап көру, тәжірибе алмасу арқылы өзара ынтымақтастықты нығайтуға және басқа өңірлерде де осы секілді жобаларды жүзеге асыруға тың серпін берері анық.
Айта кетейік, Сауран ауданында «EDEM MEBEL» жиһаз фабрикасының жұмысы қарқынды. Бұл фабрика корпустық жиһаздар шығару саласында қызмет етуде және аймақтың өнеркәсіптік дамуына маңызды үлес қосып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осыған дейін фабрика жұмысын оң бағалап, оның сапалы өнім шығару және тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттерді атқарып отырғанын атап өткен болатын. Өңірде кәсіпорындардың дамуына қажетті қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда фабрикада 40 тұрақты қызметкер жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Бұл кәсіпорын өңірдегі еңбек нарығында маңызды рөл атқарып, көптеген отбасы үшін тұрақты жұмыс орнын ұсынып отыр. Жиһаз фабрикасының жылдық қуаттылығы – 10 мың дана түрлі жиһаз. Аймақтық нарықта үлкен сұранысқа ие. Фабрика шығарған өнімдер Шымкент қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарында сатылымға шығарылады.