Түркістан облысында зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды қолға алу басты мақсат. Өңірде өндіріс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту жұмыстары да қарқынды жалғасуда.
Әрине ол үшін әр ауданды дамытуда барлық мүмкіндікті пайдаланған дұрыс. Басты талап – ауылды көтеру керек. Дамытып, көркейту керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізген дұрыс. Алда атқарылар жұмыстардың нақты жоспары бекітіліп, сол жұмысты күшейту қажет. Осыған дейін облыс әкімі Түлкібас ауданындағы ішкі және сыртқы инвестициларды тартуда үздіксіз жұмыс істеуі керектігін айтқан болатын. Осы орайда, Түлкібас ауданының әкімі Аскар Естібаевтың төрағалығымен ауданның 2030 жылға дейінгі дамуының бас жоспары қаралып, талқыланды. Түлкібас ауданының аумағы 227,5 мың га болса, ондағы жалпы халық саны 106 420 адамды құрады. Ауданның құрамына 15 ауылдық округ, 61 елді мекен кіреді. Түлкібас ауданының экономикасын өрлетуге, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды құжатта негізгі басымдық инвестиция, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм саласына берілмек. Басты жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін 90-нан астам ауқымды жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жерде 4 мыңға жуық адамға жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджеттің кіріс көзін ұлғайту көзделуде.
Ал, биылғы жылға Түлкібас ауданында 50 млрд. теңгеден астам инвестицияны құрайтын 19 жоба іске асыру жоспарда тұр. Онда 900 астам жерлестерімізге жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Даму жоспарының басым бағыттарына талдау жасап, баяндаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қ.Егембердиев әр жылға жеке-жеке тоқталып, жіліктеп, жобалар іске асқан жағдайда жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің қанша есеге ұлғаятындығына кеңінен тоқталып түсіндіріп өтті.
- Халықтан түскен қаншама өтініш-ұсыныстарды шешуге қол байлау болып тұрған қаржы мәселесі оң шешімін табады. Бұл дегеніміз ішкі проблемаларымызды облыстық және республикалық бюджетке тәуелді болмай-ақ шешуге мүмкіндік береді. Түлкібас ауданын дамыту үшін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және туризм бағытында жұмыс атқарылады. Ол үшін инвестиция тартып, жаңа технологияларды ендіре отырып өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету басым бағыт ретінде таңдалып отыр деді, аудан басшысы.
Сондай-ақ, маңызды жиында кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында елді мекендер шегінен индустриялық аймақтар соғу жағы да кеңінен талқыланды.
Айта кетейік, Түлкібас ауданы 2030 жылға дейін 400 млрд. теңгеден асатын 100-ге жуық жаңа жобаны жүзеге асырып, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Өнеркәсіпті дамыту үшін жалпы инвестициялық құны 327,2 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ауыл шаруашылық саласында инвестициялық құны 29,6 млрд. теңгені құрайтын 14 жобаны іске асырып, өнім көлемін 158,3 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.
Сондай-ақ ұн диірмені, консерві зауытын қайта құрылымдау, концентрат және шырын құю цехы, кірпіш зауыты, каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк өндіру, қуаттылығы жылына 4 мың тонналық жеміс өндеу цехы өз жұмысын бастаған. Түлкібас кентіндегі ұн комбинаты «Grain Trading Company» деген атаумен қайта іске қосылды. Қазіргі таңда ұн және кебек өнімін өндірумен айналысатын кәсіпорында 80 адам жұмыспен қамтылған. Қуаттылығы тәулігіне 250 тоннаны құрайды. Ауданның даму жоспары аясында кәсіпорын тағы да өндірістің 2-ші желісін іске қосып, өнім көлемін тәулігіне 480 тоннаға арттыруды жоспарлауда. Бұл жұмыстар атқарылған жағдайда қосымша 120 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аудан көлемінде «Алтын Дән» ЖШС, «Югпищепром» ЖШС және «Азия Фуд» ЖШС-ін қайта іске қосу мақсатында, жаңа кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Түлкібас ауданының экономикасының дамуының маңызды бір бағыты туризм. Ауданда 36 туристік нысан жұмыс жасайды. (Анықтама: 3 қонақ үй, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақтар мен туристік базалар, 4 киелі аймақ.) Туризм саласы бойынша алдағы жылдары 12,4 млрд. теңгелік 8 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асқан жағдайда 228 жаңа жұмыс орындары ашылып, төсек-орын саны қосымша 673 бірлікке артады. Сонымен қатар туризм саласын дамыту мақсатында аудан аумағынан 80,0 га жерге спорт, мәдени, емдік-сауықтыру рекреациялық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда рекреациялық аймақтың егжей-тегжейлі жобасы әзірленуде. Аймақта киіз үйлер қалашығын, коттеджді қалашықтар, қонақ үйлер, ойын-сауық орындары, жабық спорттық залдар, ашық спорт алаңдарын және тағы басқа нысандар орналастыру үшін жер телімдері ұсынылатын болады.