Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков түркиялық инвестормен іскерлік кездесу өткізді. Маңызды жүздесуде қос тарап өкілдері өңірдің өндіріс саласына тоқталып, аймақта құрылатын кәсіпорынның жаңа мүмкіндіктері мен құрылыс жұмыстары туралы пікірлесті.
Айта кетейік, осыған дейін облыс басшысы Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейдегі компания өкілдерін қабылдап, өңірде биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндіретін жаңа зауыт ашу жобасы бойынша келіссөздер жүргізген болатын. Бұл инвестициялық жоба облыс экономикасын одан әрі дамытуға мол үлесін қоспақ.

– Түркі елдерінің рухани-мәдени астанасы Түркістан қаласына қош келдіңіз! Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым-қатынас ерекше екенін атап өткен жөн. Осы сәтті пайдалана отырып біріншіден, облысымыздың дамуына өз үлесіңізді қосқаныңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі уақытта облысымызда қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Инвесторларға дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске асуда. Біз өңірімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Сізбен бірлесе қолға алған жобамыздың құрылыстарын жуық арада аяқтап, нәтижелерін бірге көрейік, – деді облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков.
Айта кетейік, түркиялық кәсіпорын 100-ден астам препарат өндіретін халықаралық деңгейдегі компаниялардың бірі. Өнімдері 50-ден астам елдерге экспортталады. Зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында салынады деп жоспарланған.
Жалпы өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 млрд теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Аталған жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асырылып жатыр. Бүгінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, 2 млрд теңгеден астам салық облыс бюджетіне түсті. Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат.

Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Түркістан облысының әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз ету қолға алынған. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі. Бұл бағытта Түркістан облысы инвестицияға ең тартымды аймақ екенін шет елдің инвесторлары да айтуда. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, шетелдік ірі инвесторлармен белсенді ынтымақтастық орнатылуда.
Жыл басынан Түркістан облысының экономикасына тартылған инвестиция көлемі 7 жылда 4,2 есеге артқан. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 314,1 млрд. теңгені құраған болатын. Ал жыл басынан бері аймаққа 387,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестиция көлемі 199,3 млрд.теңге болса, бюджеттік инвестиция – 128,7 млрд. теңге. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245%-ға артығымен орындалды.

Облыста инвестиция көлемі тұрақты өсіп, қарқынды даму жолына түскен өңірге айналды. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн. теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 19 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы құны 321,8 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 6 908 жаңа жұмыс орнын ашылмақ.
Түркістан облысында бизнес форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылуда. Сонымен қатар шетелдерге ресми сапарлар арқылы маңызды жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 140 млрд теңге. Қуаты – жылына 1,6 млн тонна. 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады.


