Алтын құрсақты аналармен өткен кездесуде аудан әкімінің орынбасары нәзікжандыларға деген құрмет азаймайтынын атап өтті.
Отырар аудан әкімдігінің мәжіліс залында ерекше құрметке толы жиын өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы көпбалалы аналарды қабылдап, жылы лебізін арнап оларға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларды табыстады.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – өмірін бала тәрбиесіне, ұлт болашағын қалыптастыруға арнаған аналар еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету. Жиында Қыдырбай Құнанбайұлы аналардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Ана – өмірдің бастауы, отбасының тірегі, ұлттың ұйытқысы. Сіздер ел ертеңі – жас ұрпақтың бойына мейірім мен ізгілікті сіңіріп, еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сондықтан мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қолдау – аналар еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі. Баршаңызға амандық, отбасыларыңызға береке тілеймін», – деді.
Жыл сайын Мемлекет басшысының Жарлығымен жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған аналарға «Алтын алқа», ал алты баланы өмірге әкелген аналарға «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталады. Бұл марапат – аналардың көпжылдық еңбегі мен отбасындағы зор жауапкершілігін бағалаудың айғағы. ҚР Президентінің 2025 жылғы 14 қазандағы №1044 Жарлығының негізінде отырарлық 2 ана «Алтын алқа», ал 6 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталып отыр. Салтанатты рәсімде аналарға төсбелгілер мен куәліктер табысталып, аудан әкімдігі атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды.
- Бүгін осында отырған әрбір ана үшін маңызды күн. Осы сәтті пайдалана отырып көп балалы аналарға қолдау-көмек көрсетіп келе жатқан мемлекетімізге мың алғыс айтқым келеді. Сіздердің арқаларыңызда салиқалы ұрпақ өсіріп отырған жайымыз бар. Кез келген мемлекеттің болашағы – оның саналы ұрпағы. Бүгінгі сәби ертеңгі ел азаматы. Бүгін бізге көрсетіп отырған құрмет, қамқорлықтарыңыз ертең осы көп балалы отбасыларда өсіп-өнген балалардан қайтады. Олар отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілікпен талмай еңбек етіп, ел ертеңінің еңселі болуына үлес қосады деп сенемін. Отанымызға тыныштық, елімізге бірлік пен береке тілеймін! – деді батыр ана.
Өз кезегінде көпбалалы аналар да аудан әкімдігіне өз ризашылығын жеткізді. Жиында көпбалалы аналар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, «Күміс алқа» иегерлері алдағы уақытта «Алтын алқаға» да қол жеткізетіндерін айтып, елдің тыныштығына шүкіршілік білдірді. Айта кетейік, азаттық алған жылдарда елімізде демографиялық саясатқа айрықша басымдық берілді. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионнан асып отыр. Ана мен баланы қорғау мақсатында да мемлекет тарапынан көптеген жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінде Отырар ауданында 66 батыр ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» орденімен марапатталған 677 ана болса, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1333 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 134 ана бар. Республика бойынша көпбалалы аналардың төрттен бір бөлігі – Түркістан облысының тұрғындары. Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыс бойынша 31 933 адам немесе 5265 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.


