Ордабасы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамына психологиялық сабақ өткізілді. Сабақ маскүнемдік, ішімдік, зиянды әдеттер және лудомания тақырыптары аясында ұйымдастырылып, қызметкерлерге осы мәселелердің алдын алу бағытында жан-жақты түсіндірме ақпарат берілді.
Шара барысында Түркістан облысы полиция департаменті Патрульдік полиция батальонының инспектор-психологі, полиция капитаны Ермекбай Әсем Еркебайқызы сөз алып, полиция қызметкерлерін әрқашан көмек сұраудан қорықпауға, бір-біріне қолдау көрсетуге үндеді.
Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі бастығының ЖҚЖЖ орынбасары, полиция полковнигі Маханбетов Бақытжан әрбір полиция қызметкерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін атап өтті. «Өйткені әрқайсыңыз өз отбасыңызға да, Отанға да қажетсіздер», – деді ол.

Сабақ барысында жеке құрам түрлі ойындарға қатысып, арнайы бейнероликті тамашалады. Бұл шара олардың бір-біріне деген сенімін нығайтып, өмірге деген құштарлығын арттыра түсті. Айта кетейік, Ордабасы ауданында алкогольге тәуелділікке және шылым шегуге қарсы шараларды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту жөніндегі іс-шаралар барысы туралы насихат жұмыстары толассыз атқарылып келеді. Тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстары да қарқынды атқарылуда. Алдағы уақытта да аудан көлемінде игі шаралар барысын жалғасын таба бермек.


