ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ӨРТТІҢ ЖӘНЕ ГАЗДАН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ
Түркістан облысында жылыту маусымы талапқа сай өтіп жатыр. Түркістан облысы Төлеби ауданында өрт қауіпсіздігін және газдан уланудың алдын алу мақсатында маңызды шаралар қолға алынды. Аудан әкімдігі 429 дана газ дабылқақыш сатып алып, оны тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру үшін орнату жоспарын бекітті. Газ дабылқақыштары мемлекеттік қызметшілер, қала және ауылдық округ әкімдері, білім бөлімі, дербес бөлімдер және аудандағы мекемелердің қызметкерлері жеке қаражаты есебінен сатып алынған. Құрылғылар арнайы назарда тұрған, аз қамтылған, көмекке мұқтаж және көпбалалы отбасылардың тұрғын үйлеріне орнатылатын болады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер #ӨзіңненБаста челленджін қолдауды жалғастырып, газосигнализаторды өз үйлеріне орнатуды жалғастыруда. Қауіпсіздікті өз үйінен бастау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін ұмытпайық.
Бұл іс-шара аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болып табылады. Газ дабылқақыштарының орнатылуы өрт пен газ апаттарының алдын алуға қосымша кепілдік беріп, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға үлес қосады. Қысқы маусымда өрттің алдын алу және газдан улану қаупін болдырмау мақсатында әр бір тұрғын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Газ құрылғыларының техникалық жарамдылығын жүйелі түрде тексеріп, кез келген ақау анықталған жағдайда тиісті мамандарға жүгіну маңызды. Сонымен қатар, үй-жайларды тұрақты түрде желдетіп отыру, ал газдың иісі сезілген жағдайда құрылғыларды дереу өшіріп, терезелерді ашып, авариялық қызметке хабарлау талап етіледі. Қауіпсіздік ережелерін сақтау тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Түркістан облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының қалыпты өтуі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында. Апта басында өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды тағы бір рет саралап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде көмір қоры жеткілікті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер толығымен жылумен қамтылған. Қазіргі таңда облыстағы барлық қазандықтар температуралық кестеге сай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу беру процесі тұрақты түрде қамтамасыз етілген.Облыс бойынша көмір отынына қажеттілік 580,4 мың тоннаны құрайды, оның 515,6 мың тоннасы немесе 88 пайызы жеткізілген. Бюджеттік мекемелер 100 пайыз, жеке тұрғындар 95 пайыз қамтамасыз етілген. Жылыжайлардың қамтылуы 80 пайыз деңгейінде. Аудан және қалалардағы теміржол тұйықтарында 65 мың тонна көмір қоры жинақталған. Жылыжайлардың нақты қамтылуы 213,4 мың тонна болып отыр. Облыста газбен жабдықталған елді мекендердегі 333 753 абоненттің 323 634-і газға қосылған. Ал 1 886 абонент түрлі себептермен қосылмаған, 8 233 абонент – бос учаскелер немесе құжаттары жоқ тұтынушылар. Бұл мәселе бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, жұмыстар Арыс және Кентау қалаларында күшейтілген. Аудан, қала әкімдіктері «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалымен бірлесе отырып, газға қосылмаған тұтынушыларды толық қамту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Газ инспекциясы» мекемелері улы газдан уланудың алдын алу жұмыстарын күшейтті. Облыс бойынша бекітілген жоспарға сәйкес 300 мыңнан аса нысан араланып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Оның ішінде 1 005 білім беру ұйымы, 594 денсаулық сақтау нысаны, 76 спорт нысаны, 265 мәдениет мекемесі, 23 жұмыспен қамту орталығы, 29 589 кәсіпкерлік нысан, 99 қонақ үй мен жатақхана, 205 монша, 271 886 жеке тұрғын үй және 1640 көпқабатты үй тексерілген.


