Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде 2025 жылдың 11 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы және бюджеттің игерілуі мәселелері талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жиында өңірдің экономикалық көрсеткіштер мен индикаторларды сапалы орындау – басты міндет екенін жеткізді.
-Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында статистика департаментіне тиісті ақпараттардың толық енгізілуін қамтамасыз етсін. 2025 жылға бекітілген индикаторлардың толық орындауды тапсырамын. Жыл қорытындысымен бекітілген индикаторларға қол жеткізбеген аудан әкімдерінің, және салалық басқарма басшыларының тәртіптік жауапкершілі тікелей қаралатынын ескертемін. Жұмыс жүйелі жасалу керек. Бағытымыз – белгілі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмыс жасау. Өндіріс орындарын ашу, ішкі кірісті ұлғайту, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысымен облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,4%-ды құрап, өңір республика бойынша 3 орынды иеленді. Өнеркәсіп өнім көлемі 1,4 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға артқан.
Мәжілісте облыс бюджетінің игерілуі барысы да сараланды. Бұл туралы Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Әжіметова баяндады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыруды және бюджет қаражатын үнемдеп, елге қажет нақты жобаларға жұмсау керектігін ескертті. Жоспарға сәйкес 2026 жылға облыстық бюджет көлемі 1,3 трлн теңгені құрап отыр. Бюджет шығыстарын қалыптастыру барысында бірінші кезекте міндетті әлеуметтік төлемдерді толық қарастырып отырмыз. Сондай-ақ құрылысы басталған нысандардың мерзімдерінің созылып кетпеуіне және бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында осы жобаларды аяқтауға басымдық бердік. Мемлекет басшысы биыл экономиканың өсімін 7 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл бағытта облыста атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдің экономикалық өсімі 114,8 пайызды құрап, республикада жоғары көрсеткішке ие болып отырмыз. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қалыптасты. Экономикаға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Жұмыс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға түсті, деді облыс басшысы.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүған дейін Мақтааралға жасаған жұмыс сапары барысында өңір экономикасын көтеретін мақта кластерін дамыту бағытында іске асырылып жатқан бірқатар өндірістік нысандарды аралаған болатын. Мақта өсіру өңірдің экономикасын дамытуда айрықша маңызға ие екені анық.
«Cotton Makta» ЖШС мақта зауыты 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 2023 жылы зауыт өндірістік қуатын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасынан әкелінген заманауи өндірістік құрал-жабдықтармен толықтай жаңғыртылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 90 мың тоннаға жуық. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал маусымдық кезеңде 250 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылады. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге.
Биыл зауыт 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдап, мақта дақылын еккен 800-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасаған. Шаруа қожалықтарынан қабылданған мақта шикізатының 1 келісі сорттық ерекшелігіне қарай 250-270 теңге аралығында бағаланған. Биыл 11 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп, барлық шаруалармен толық есеп айырысу жүргізілген.
Бүгінгі күнге дейін 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, дайын өнімнің 80 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталса, қалған бөлігі Түркия мемлекетіне жөнелтілуде.
Облыс басшысына «Хамро ата» ЖШС-ның мақта майын өңдеу зауытының жұмысы туралы да баяндалды. Қазіргі таңда өндірістік нысанның құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан толық көлемде сатып алынған. Бұл бастама толық іске асса, өңірдің экономикасы жанданып, кәсіпорын жылына 5 мың тонна мақта майын өндіретін болады. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.


