Түркістан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрқашан дайын. Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды қабылдап, келіссөз жүргізді. Өңір басшысы инвесторларға облыстың инвестициялық әлеуеті туралы баяндап, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Түркістан – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді және бұл бағытты екі елдің Президенттері айқындап берді. Түркістан –еліміздегі ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Әсіресе, мақта – өңір экономикасының маңызды саласы. 2025 жылдың қорытындысымен жалпы құны 100,1 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, жіп иіру фабрикасы, 2 мақта өңдеу зауыты, ПВХ құбырларын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін шығару зауыттары жұмысын бастады. 32 мың гектар алқапқа жаңа технологиямен мақта егілді. Бұл бастамалар өз жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосты. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетіліп жатыр, – деді Нұралхан Көшеров.
Инвесторлар өңірдің экономикасын дамыту барысында тоқыма өнеркәсібін дамытуға ниетті екендерін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, тоқыма маталарын өндіру және бояу, маталарды әрлеу және киім тігу, үй текстилін өндіру, медициналық қорғаныс өнімдерін шығару, жаңа текстиль материалдарын әзірлеу, интеллектуалды және экологиялық таза тоқыма өндірісін дамыту, энергетикалық және жылумен қамтамасыз ету қызметтерін ұйымдастыру бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Осы бастама арқылы 500-700 аралығында жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған. Тараптар жобаларды зерделеп, нақтылап, әріптестік орнатуға уағдаласты.Мұның барлығы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін болары анық.
Айта кетейік, 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 трлн теңгеге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ды құрады. Өткен жылы жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да осы қарқынды сақтап, облысқа 1,7 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл көрсеткішке жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен қол жеткізіледі. Атқарылған жұмыстар өңірдің макроэкономикалық даму динамикасына тікелей оң әсерін тигізді.
Осы жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 125,2%-ды құрап, республикада бірінші орынға шықты. Өңірдің даму әлеуетін ескере отырып, 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Нәтижесінде, 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 100 млрд теңге салық түспек. Осы жоспарлаған жобаларды жүзеге асыру есебінен, алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайтуды көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың мақсаты – бәсекеге қабілетті, өндірісі дамыған, инвестиция тартуға қолайлы және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсетін қуатты өңір қалыптастыру.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңгеге (7 025 жұмыс орны), индустриялды аймақтарда 132,3 млрд теңгеге инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар облыста шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 214 гектар аумаққа 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл бағытта жалпы сомасы 192 млрд теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылуда (5 218 жұмыс орны). Осы бастама өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде, жүгеріні терең өңдеу, түрлі-түсті сусындар, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары мен газ қазандықтарын өндіру, сондай-ақ бірреттік ыдыс-аяқ пен орау материалдарын (скотч) шығару, алюминий бұйымдарын өндіру жобалары іске қосылды. Бұдан бөлек, өңірде John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникалары мен дрон өндірісі, бояу-әрлеу, тігін және джинс маталары өндірісі, күкірт қышқылы және карбамид өндірісі, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, ірі қара мал сүйегінен май мен пептон компоненттерін өндіретін импортты алмастыруға бағытталған 280 млрд теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстар өз нәтижесін көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта да, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуда бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылмақ.


