Суббота, 24 октября, 2026
  • Бізбен хабарласыңыз
aqparatinfo.kz
  • Басты бет
  • Шытырман
  • Әлеумет
  • Спорт
  • Білім
  • Дүмпу
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Шытырман
  • Әлеумет
  • Спорт
  • Білім
  • Дүмпу
No Result
View All Result
aqparatinfo.kz
No Result
View All Result
Home әлеуметтік-экономикалық даму

ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЛЫП КИІЗ ҮЙДЕ САММИТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

22 мая, 2026
in әлеуметтік-экономикалық даму
0
ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЛЫП КИІЗ ҮЙДЕ САММИТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ
0
SHARES
22
VIEWS
Share on FacebookShare on Twitter

Түркістандағы жаңа этно-туристік кешенде келелі басқосу өтті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлерімен, жастарымен және белсенді азаматтарымен кездесті.

Алқалы жиын барысында, алдымен, облыс басшысы өңірдің дамуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар жуырда өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті қорытындысына тоқталып, өңірдің инвестициялық әлеуеті мен әлеуметтік — экономикалық мүмкіндіктері жөнінде баяндады.

– Биыл өңірімізде елеулі шаралар өтті. 15 наурызда облыс халқы қоғамдық-саяси жағдайға белсенділік танытып, референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына Мемлекет басшысы арнайы Түркістан қаласына келіп, аймақ тұрғындарымен жүздесті. 15 мамырда түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде бес мемлекет басшысының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының тарихи бейресми саммиті өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саммит қорытындысы бойынша Түркістан облысында атқарылған дайындық жұмыстарына жоғары баға беріп, өңір тұрғындарына және осы маңызды шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға ерекше ризашылығын білдірді. Бұл – ең алдымен, көне шаһардың халықаралық аренадағы биік абыройы және ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен әрбір азаматтың еңбегіне берілген әділ баға. Түркістан өзінің жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын стратегиялық және мәдени-рухани орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы ретте, Президентіміздің Түркістан қаласына айрықша мәртебе беріп, өңірдің дамуын жіті бақылауда ұстап отырғанын атап өткен жөн. Саммитті дәл осы киелі мекенде өткізу туралы бастамасы – шаһардың тарихи рөліне деген зор сенімнің айқын көрінісі. Бұл ретте, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен құқық қорғау және әскери сала өкілдеріне, медицина мен коммуналдық қызмет мамандарына, еріктілер мен мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ қонақжай Түркістан жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және импортты алмастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз бірінші кезекте, республика және облыстың тауар айналымына, сондай-ақ өңірдің шикізаттық әлеуетіне кешенді талдау жүргіздік. 2025 жылы өңірдің сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 %-ды құрады. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 142%-ға ұлғайып, 2025 жылы 1,8 млрд АҚШ долларына жетті.  Сыртқы саудада 5 негізгі стратегиялық серіктес мемлекеттер айқындалды. Олар: Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия елдері. Зерттеулердің нәтижесінде, өңір экономикасының сыртқы саудадағы құрылымында экспорттың негізгі үлесі өңделмеген бастапқы шикізат тауарларына тиесілі екенін байқадық. Талдау жұмыстары өңір экономикасының әлсіз тұстарын анықтауға және шикізаттық экспорттан жоғары өңделген, қосымша құны жоғары дайын өнім шығаруға көшу бойынша нақты стратегиялық шараларды қабылдауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда инвесторларға тек жер телімін ұсынып қоймай, нарықтың сыйымдылығы, шикізат көлемі және қаржылық көрсеткіштері есептелген дайын жобалар ұсынып жатырмыз. Осыған орай, аудан және қала әкімдеріне дайын шикізаттық талдаулар мен бизнес-кейстерді негізге ала отырып, өз аумақтарына импортты алмастыратын инвестиция тартуды тапсырамын. Сөзімді қорытындылай келе, АҚШ-тың 35-ші Президенті Джон Кеннедидің: «Елім маған не істей алады деп емес, мен еліме не істей аламын деп сұра» деген белгілі қағидасын атап өткім келеді. Осы орайда, баршаңызды өңіріміздің экономикалық тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістан – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы көшбасшы өңір. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Өңір мақта өсіру және өңдеу, сондай-ақ жеміс-жидек, бақша және ет өнімдерін экспорттау бойынша республикада бірінші орында. Облыстағы жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 га жетіп, республикалық үлестің 72 %-ын құрап отыр. Сонымен қатар Түркістан облысы уран өндіру және өңдеу бойынша республикада ғана емес, әлемде бірінші орында.

Облыстағы пайдалы қазбалар мен шикізаттық әлеует өңірде іске қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға және индустриялық кластер қалыптастыруға толық мүмкіндік береді. Шикізатты терең өңдеуді дамыту арқылы өңір кәсіпорындарының табыстылығын 3-5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Осы ретте, импортты алмастыру және шикізатты терең өңдеу мақсатында облыстың әрбір ауданы мен қаласының ерекшелігіне қарай арнайы 40 инвестициялық тизер әзірленіп, инвесторларға арналған дайын бизнес-кейстер қалыптастырылды. Инвесторларды қолдау және жобалардың жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, дайын өндірістік алаңдар бар.

Мәжілісте өңірдің инвестициялық тартымдылығы, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларын дамыту бағыттары жан-жақты талқыланды. Жиын барысында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар және кәсіпкерлер саммит нәтижелеріне қатысты пікірлерін білдіріп, өңір экономикасының даму перспективалары жөнінде ой бөлісті.

Сондай-ақ қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын жеткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін атап өтті.

 

 

 

Алдыңғы жаңалық

РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДӘРІПТЕЙТІН «ТҮРКІСТАН МАҚАМДАРЫ» ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Келесі жаңалық

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ БОЙЫНША ОҢ ӨСІМ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


"Aqparatinfo.kz" ақпараттық агенттігі
160000,Шымкент қаласы
Директор:
info@aqparatinfo.kz

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде aqparatinfo.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде


No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Билік
  • Саясат
  • Шытырман
  • Дүмпу
  • Білім
  • Спорт

saraptimes.kz ақпарат агенттігі