Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы қаралды. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын күшейтіп, жұмыспен қамту көрсеткіштерін сапалы орындауды, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы іске асырып, тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды.
– 2026 жылға жұмыспен қамту бойынша белгіленген индикаторларды уақтылы әрі сапалы орындауды, қосымша инвестиция тарту жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуды тапсырамын. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар қабылдау қажет, – деген Нұралхан Көшеров бұл салада әлі де кемшіліктер бар екенін, жұмысты ширату қажеттігін айтты.
Жиында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының есебі тыңдалды.
Биыл Түркістан облысында облыс әкімі бекіткен Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 74516 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 54483 тұрақты және 20033 уақытша жұмыс орны қарастырылған. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өңірде 35539 жұмыс орны ашылды. Оның 19100-і тұрақты, 16439-ы уақытша жұмыс орындары. Тұрақты жұмыс орындарына 14507 азамат жолданса, субсидияланатын жұмыс орындарына 16027 адам тартылған.
Ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар аясында биыл 284 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 2465 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 105 жоба жүзеге асырылып, 935 жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы шеңберінде 4 070 жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында жыл басынан бері 16 мыңнан астам азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Оның ішінде жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және «Күміс жас» жобасы бар.
Жиында әлеуметтік қолдау шараларының орындалуы да сараланды. Биыл облыс бойынша 59 мыңнан астам адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту көзделген. 1 маусымдағы жағдай бойынша 42771 адамға немесе 6875 отбасына әлеуметтік көмек тағайындалған. Өңірдегі кедейлік деңгейі 2 пайызды құрап, жоспарлы көрсеткіштің орындалуы қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Президент тапсырмасына сәйкес 2026-2029 жылдары жобаға 217 мыңнан астам ауыл тұрғынын тарту жоспарланған. Биыл республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қаржы тартылып, 1115 жобаны қаржыландыру және 1400 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Мәжіліс қорытындысында өңір басшысы кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдері мен басқарма басшысына сын-ескертпе айтып, индикаторды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті. Жұмыспен қамту бағытындағы межелердің толық орындалуын, тәуекел аймақтардағы көрсеткіштерді жақсартуды және әлеуметтік – экономикалық бағдарламалардың тиімділігін арттыруды тапсырды.
Бүгінде өңірде тұрғындарды толғандыратын мәселелерді жедел әрі сапалы шешу басты назарда. Осы бағытта әкімдік пен мәслихаттың бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие. Биылғы жылдың бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім сақталған. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4%-ды құрап, республика бойынша 2 орында тұр. Бұл – облысымыздың әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесі. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, бірлескен жұмысты жандандыра тусу басты мақсат.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңгеге (7 025 жұмыс орны), индустриялды аймақтарда 132,3 млрд теңгеге инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар облыста шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 214 гектар аумаққа 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл бағытта жалпы сомасы 192 млрд теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылуда (5 218 жұмыс орны). Осы бастама өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде, жүгеріні терең өңдеу, түрлі-түсті сусындар, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары мен газ қазандықтарын өндіру, сондай-ақ бірреттік ыдыс-аяқ пен орау материалдарын (скотч) шығару, алюминий бұйымдарын өндіру жобалары іске қосылды. Бұдан бөлек, өңірде John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникалары мен дрон өндірісі, бояу-әрлеу, тігін және джинс маталары өндірісі, күкірт қышқылы және карбамид өндірісі, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, ірі қара мал сүйегінен май мен пептон компоненттерін өндіретін импортты алмастыруға бағытталған 280 млрд теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстар өз нәтижесін көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта да, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуда бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылмақ.


