Бүгінде Түркістан – көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһар. Аймақтың әлеуметтік — экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асқан. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. Өңірдің осындай тартымды әлеуетіның аясында Кентау қаласында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің Кентау қаласы мен Сауран ауданы кәсіпкерлерін жеке қабылдауы өтті. Басқосудың мақсаты, аймақтың экономикасына серпін беретін жобаларды қолдау және кәсіпкерлікті дамыту. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов, Өңірлік кеңес мүшелері, Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, сондай-ақ облыстық басқармалар мен жауапты мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Жиында алғысөз алған облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек мемлекет тарапынан экономиканы дамытуда кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы өңірлерде әлеметтік-экономиканы, кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу міндеттеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта билік пен бизнес арасындағы ашық диалогты нығайту маңызды. Әкімдік тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл қолдаудың барлығы өңір экономикасын алдыңғы орынға шығарудың бірден-бір тетігі. Қаржылау қолдау бағытында кәсіпкерлер үшін 12,6%-бен несиелеуді көздейтін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Биыл бұл бағдарлама арқылы 23 кәсіпкер 1,4 млрд теңгеге қаржылындырылды. Сондай-ақ, осы жылы «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылып, өтінімдер қабылдануда. Өндірістік ғимарат салуға ниетті кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен қамтылған логистикалық икемді жер телімдерін ұсынуға дайынбыз. Бүгінгі қабылдау аясында барлық қордаланған өзекті меселелерді қарауға дайынбыз, – деді Қанат Қайыпбек.
Жиын барысында Кентау қаласы мен Сауран ауданынан келген кәсіпкерлер өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, теміржол логистикасын дамыту, суару жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімдерін оңтайландыру мәселелері айтылды.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлердің мәселелерін шешу өңірдің әлеуметтік — экономикасының тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында әрбір мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері түсіндірме беріп, көтерілген ұсыныстарды жүзеге асырудың нақты тетіктері қаралды. Барлық ұсыныстар мен мәселелер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы Өңірлік кеңестің бақылауына алынды. Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің нақты мәселелерін жергілікті жерде талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Түркістан облысында кәсіпкерлермен кездесулер тұрақты өткізіліп, бизнес қауымдастықтың ұсыныстары мен бастамаларын қолдау жалғасады.
Жеке қабылдаудан кейін Өңірлік кеңес мүшелері облыстың өндірістік әлеуетімен танысу мақсатында бірқатар кәсіпорынды аралады. Атап айтқанда, темір конструкцияларын өндіретін «Айдар Строй Групп» ЖШС және оптикалық кабель шығаратын «Kentau Cable Industries» ЖШС кәсіпорындарының жұмысымен танысып, өндіріс барысын бақылады.
Айта кетейік, Түркістан облысы – еліміздегі кәсіпкерлік субъектілер ең көп шоғырланған өңірлердің бірі. Өңірде 205 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.
Кәсіпкерлердің қаржысын және уақытын үнемдеу мақсатында облыстың барлық аудан және қалаларында шағын өндірістік парктер жобасы қолға алынған. Осы жоба аясында Сауран ауданында 8 ауылдық округте 130 өндірістік ғимарат құрылысы және Кентау қаласы аумағында 10 өндірістік ғимарат құрылысы іске асырылуда.
Айта кетейік, Сауран ауданында Өзбекстан Республикасының Ташкент облысына қарасты Орта Шыршық ауданының делегациясымен екіжақты ресми кездесу өткен болатын. Кездесу Сауран ауданы делегациясының Орта Шыршық ауданына жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің жалғасы ретінде ұйымдастырылған. Сонымен қатар, екі аудан арасында қол қойылған бауырластық және ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жұмыстардың орындалу барысы қаралған.
Қос тараптар әлеуметтік — экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өндірістік кооперация бағыттарындағы әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асырудың тетіктері мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар сөз болды.


