Бүгін Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Отырар ауданының Темір ауылында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Темір ауылдық спорт кешенінің аумағында санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері бірлесіп қоршаған ортаны тазалау жұмыстарына белсене қатысты. Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, айнала абаттандырылды. Бұл – туған жердің тазалығына деген жанашырлықтың және бірліктің жарқын көрінісі. Таза ауыл – әрбір тұрғынның ортақ міндеті.
Сонымен қатар, сенбілік барысында спорт кешені аумағында ретсіз өскен арамшөптер шабылып, нысанның айналасы қоқыстардан тазартылып, санитарлық талаптарға сәйкес абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге, елді мекендердің көркеюіне және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Осы ретте Темір ауыл округінде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып, қоғамдық орындарды күтіп ұстауға ерекше көңіл бөлінуде. Туған жердің тазалығы мен көркеюі – баршаға ортақ міндет. Әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі мен белсенділігі елді мекеннің ажарын арттыруға және экологиялық мәдениетті нығайтуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында Отырар ауданында тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Туған жердің тазалығы – тек коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Көшенің, ауланың, саябақтың, тарихи орындардың таза болуы – біздің мәдениетіміздің, елге деген жанашырлығымыздың көрінісі. Отырар – терең тарихы мен бай мұрасы бар қасиетті өлке. Осындай киелі мекеннің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау және көркейту – бүгінгі буынның маңызды міндеті. Әрбір егілген көшет, әрбір жиналған қоқыс, әрбір таза көше – келешек ұрпаққа қалдырар ең үлкен өнегенің бірі. Таза Қазақстан – өзімізден басталады! Туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосайық!
Айта кетейік, биыл облыс көлемінде 3 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 15 жалпыхалықтық акция және кең ауқымды «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өткізілді. Аталған шараларға 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 222 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 379 тонна қоқыс шығарылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен, соңғы екі жылда елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 474 арнайы коммуналдық техника сатып алынды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен жылы облыста жалпы аумағы 200 гектарды құрайтын 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея пайдалануға берілді. Олардың қатарында Орта Азиядағы теңдессіз Ескек есу каналы, «Парасат» саябағы, Ботаникалық бақ және жасанды көлі бар 32 гектарлық саябақ тұрғындар игілігіне берілді. Биыл өңірде 7 саябақ пен 8 аллеяны пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда «Этно-туристік кешені» мен «Билер» аллеясы ел игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін «Астана» саябағы мен ауқымды Аквапарк кешенінің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар өңірде жыл соңына дейін 61 балалар ойын алаңы, 35 воркаут алаңы және 49 спорт алаңшасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, аумағы 50 гектарды құрайтын «Экопарк Түркістан» толық аяқталып, халық игілігіне берілді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 мыңнан астам экологиялық тәрбие сағаты, 560 сурет байқауы, 4 700 дөңгелек үстел және 68 экологиялық акция өткізілді. Сонымен қатар облыстың білім беру ұйымдарында «Жасыл мектеп» жобасы табысты іске асырылуда. Жоба аясында «Шикізат жинау көшбасшысы», «Экологиялық бастамалар көшбасшысы» және «Үлкен әлеует» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.


