Түркістан облыс әкімдігінің мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның штаб отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, жүргізді.
Балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік. Әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруге, сапалы білім мен тәрбие алуға, денсаулығын сақтауға және өз қабілетін толық дамытуға құқығы бар. Түркістан облысы әкімдігі жанындағы штаб мүшелері тарапынан балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осы бағытта балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жиын барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттілігі атап өтілді. Отырыста 2026 жылдың алғашқы бес айында орын алған жағдайларға қатысты талдау қорытындылары тыңдалды. Атап айтқанда, облыстық психологиялық қолдау орталығы директор орынбасарының м.а. Азиз Шамитдинов есеп берсе, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік мәселесі бойынша ақпарат ұсынды. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Асхат Ержанов пен Түркістан облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев оқушылардың жазғы демалыс кезеңінде оқыс оқиғалардың алдын алу шаралары туралы баяндады. Жиын соңында Ертай Кенжебекұлы кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың және өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдарға профилактикалық, құқықтық түсіндіру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру және нақты алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды. Мәжілісте көтерілген ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.
Айта кетейік, Әрбір ата-ананың басты міндеті – өз баласын тәрбиелеу. Ата-ана қамқорлығының болмауы, отбасындағы жайсыз ахуал, баланың лайықты материалдық қамтамасыз етілуінің болмауы, олардың жүріс-тұрысына бақылау жасалмауы жасөспірімнің қоғамға жат әрекет жасауына себеп болуы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында немесе үйден тыс жерлерде ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз жүруіне жол бермеу керек. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу әдістерін, хабардар болуын арттыруды, психологиялық қолдау, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуына жол бермеу бағытында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың жай-күйі бүгінде өзекті тақырып. Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – баршаға ортақ маңызды міндет. Сала мамандарына профилактикалық шараларды күшейту, ведомствоаралық байланысты нығайту және әрбір жағдайды жіті бақылауда ұстау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Әкімдік тарапынан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.
Айта кетейік, Бала – еліміздің болашағы, өміріміздің жалғасы. Оларды түрлі төтенше жағдайлардан қорғау аға буынның міндеті. Баланың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты. Ата-ана балаға дұрыс пен бұрысты, жолда жүру ережелері мен қауіпсіздік жайлы ескертуі тиіс. Білім беру мекемелері де бала қауіпсіздігіне жауапты. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі оқушылардың мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Баланың өзін қорғауға, қауіпті жағдайларды тануға және олардан аулақ болуға үйренуі де маңызды. Мысалы, рұқсат етілмеген жерге суға түсуге, қауіпті заттарды ұстамауға, терезенің алдына шықпау секілді тыйым салынған іс-әркеттерді істемеуді ата-ана қадағалауы керек.
Қорыта айтқанда, бала қауіпсіздігі – ата-ана мен қамқоршылар үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Кез келген қауіп-қатерді алдын ала анықтап, оларды болдырмау үшін тиімді шаралар қабылдау өте маңызды.


