Алматы қаласындағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесі аясында Кентау қаласының делегациясы қытайлық инвесторлармен және жетекші компаниялардың өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында Кентау қаласының инвестициялық әлеуеті, өндірістік инфрақұрылымы, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, озық технологияларды енгізу және инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Қазақстан Республикасының Президенті жариялаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» басқару формуласы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды реформалардың негізіне айналды. Осы бағыттағы жұмыстар Кентау қаласында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл реформалардың басты мақсаты – халықтың мемлекетке деген сенімін нығайту, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру және әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсарту. Осыған орай қала әкімі Жандос Тасов инвесторларға Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, өндіріс саласындағы мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шаралары, инженерлік инфрақұрылымы және инвесторлар үшін ұсынылатын қолайлы жағдайлар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу барысында қытайлық компания өкілдері Кентау қаласымен өзара тиімді әріптестік орнатуға қызығушылық білдіріп, өндіріс саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында ұсыныстарын жеткізді. Тараптар нақты инвестициялық бастамалар бойынша пікір алмасып, ынтымақтастықтың алдағы кезеңдерін талқылады.
Іскерлік кездесулер нәтижесінде бірлескен жобаларды іске асыруға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік — экономикалық байланыстарды тереңдету. Сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, заманауи технологияларды енгізу және туризм саласын ілгерілету бағыттарына ерекше назар аударылуда. Бұл ретте Қытай Халық Республикасының жетекші компанияларымен, қаржы институттарымен және салалық қауымдастықтарымен ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестік орнату көзделіп отыр.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Азиядағы гүл шаруашылығының ірі орталықтарының бірі және заманауи агротехнологиялар саласында жетекші өңір ретінде танылған Юньнань провинциясының Куньмин қаласында басталды. Түркістан облысының ресми делегациясы бұл қалаға Қазақстан өңірлері ішінде алғашқылардың бірі болып ресми сапармен барды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Коммунистік партиясының комитет секретары және Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс корпорациясы – Yunnan Construction & Investment Holding Group Co., компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзуцзюньмен кездесті. Елімізде LRT салу жобасына қатысқан Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс және инфрақұрылым холдингі инфрақұрылым, құрылыс, жылжымайтын мүлік, индустриялық парктер және логистика салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Келіссөздер барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, мемлекеттік қолдау тетіктері, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері кеңінен айтылған. Түркістан өңірінде жүзеге асырылатын жаңа жобаларды талқылаған болатын.
Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 трлн теңгеге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ды құрады. Өткен жылы жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да өңірге 1,7 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Осы мақсатта жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде.
Айта кетейік, Кентау қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету және әрбір азаматтың пікіріне құлақ асатын, әділетті қоғам қалыптастыру. Алдағы уақытта да, бұл бағыттарда қарқынды жұмыстар жалғасын таба бермек.


