Сауран ауданында креативті индустрияны дамыту – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, ұлттық мәдени мұраны заманауи форматта дәріптеуге және жаңа кәсіп түрлерін қалыптастыруға бағытталған маңызды басымдықтардың бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында «Инвест керуен» жобасы аясында аудан кәсіпкерлерімен жұмыс кеңесі өтті. Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер және инвесторлар қатысты.
Кеңестің негізгі мақсаты – аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысын талқылау, креативті индустрияны дамыту, инвесторлардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік қызмет барысында туындайтын мәселелерді қарау және оларды шешу жолдарын айқындау болды.
Жиында Сауран ауданының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров аудан көлемінде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысы туралы баяндама жасады. Баяндама барысында ауылдық округтердегі өндіріс алаңдарының жұмысы, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу деңгейі жан-жақты таныстырылды. Мәселен, Шаға өндірістік алаңы бүгінде Сауран ауданының индустриялық даму орталығына айналып келеді. Бұл аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік беріп отыр. Бұрын аудан негізінен ауыл шаруашылығымен танылса, қазір өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дами бастады. Шаға өндірістік алаңында ауыл шаруашылығына арналған техника, су үнемдеу жүйелері, агродрондар, білім беру ұйымдарына арналған жиһаздар, медициналық құрылғылар, полиэтилен өнімдері және ағаш есіктер өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Бұл – аудан экономикасының жаңа кезеңге өткенінің айқын көрінісі.
Сонымен қатар, Сауран ауданындағы «BNK Group» кәсіпорны — ауыл шаруашылығы саласына арналған технологиялық жабдықтарды өндіретін жетекші қазақстандық кәсіпорындардың бірі ретінде саналады. Бүгінде «BNK Group» америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару құрылғыларын құрастырады. Сонымен қатар, кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылып, агродрондар дайындалады. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндіруге маманданған. Соңғы үш жыл ішінде еліміз бойынша 50-ге жуық мектепті заманауи жиһазбен қамтамасыз еткен кәсіпорында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сәйкес өнімдер шығарылады. Сондай-ақ , онда «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп медицина мекемелеріне арналған арнайы жабдықтар өндіріледі. Ал, «Юпитер-М» ЖШС-ң өндірістік жобасы жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіреді. Жылдық өндірістік қуаты 1750 тоннаны құрайтын зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерін ішкі нарықпен қатар Өзбекстан Республикасына экспорттауда. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне «TURSAPA» полиэтилен өнімдерін шығаратын зауыттың өндірістік мүмкіндіктері көрсетілді. Кәсіпорында тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы полиэтилен өнімдері мен әртүрлі көлемдегі қоқыс қаптары өндіріледі. Жоба ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде ауданда, «Turan Su» кәсіпорнының өндірісі де енгізілді. 2019 жылы құрылған мекеме ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, кәсіпорын индустриялық парк аумағында тамшылатып суару құбырларын өндіретін жаңа зауытты іске қосқан. Өндірістің жылдық қуаты 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару ленталарын, 5 256 дана полиэтилен құбырларын және 2 117 шақырым шлангілерді шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Жоба ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған. «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС жүзеге асырып жатқан агродрондар өндірісі аясында жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланған. Қазіргі уақытта өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылған. Алғашқы сынамалық үлгілер әзірленген. Қазіргі кезде жобаны толық іске қосу үшін азаматтық авиация саласындағы тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Daulet Holding» кәсіпорнының өндірістік қызметі жылына 36 500 дана ішкі ағаш есік өндіреді. Өндіріс орнында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Заманауи технологиялар қолданылатын кәсіпорында шикізатты іріктеу, ағашты өңдеу, құрастыру және әрлеу жұмыстары толық өндірістік цикл бойынша жүзеге асырылады.
Кеңес барысында аудан прокуроры Алмаз Асылбеков кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде заң талаптарының сақталуы және мемлекеттік органдардың өзара тиімді іс-қимылы жөнінде өз пікірін білдірді.
Жиын қорытындысында қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жобаларды уақытылы іске асыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Сауран ауданында алдағы уақытта шығармашыл жастардың бастамаларын қолдау, мәдени-креативті жобаларды көбейту және инновациялық идеяларды жүзеге асыру арқылы креативті индустрияның үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.


