Туған жерге деген сүйіспеншіліктің шекарасы жоқ. Оған деген құрмет адамның қай елде, қай жерде өмір сүріп жатқанына қарамастан жүрегінде сақталады. Соның жарқын дәлелі – Грекия астанасы Афина қаласында «Кентау» атауымен аталатын көше. Кентау – түрлі этнос өкілдері татулық пен бірлікте өмір сүріп келе жатқан қасиетті мекен. 1990–1991 жылдары Кентаудан Грекияға қоныс аударған жерлестеріміз туған қаласына деген сағынышын ерекше бастама арқылы білдірді. Олар өздері қоныстанған аумаққа «Кентау» атауын беру жөнінде ұсыныс жасап, бұл атауды жергілікті әкімшілік арқылы ресми бекіткізді.
Бұл – жай ғана көше атауы емес. Бұл – туған жерді ұмытпау, тарихи тамырды қадірлеу, елге деген адалдықты сақтау ұстанымының көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жауапкершілікті, еңбекқорлықты, отаншылдықты және елге адал қызмет етуді басты құндылықтардың бірі ретінде айқындап келеді. «Адал азамат» қағидасының мәні де осында – туған елге жанашыр болу, қоғамға пайдалы іс жасау және өзінің азаматтық борышын абыроймен атқару.
Афинадағы «Кентау» көшесінің тарихы – осы құндылықтардың өмірдегі нақты көрінісі. Өйткені туған жерден алыста жүрсе де, жерлестеріміз Кентаудың атауын өзге елде жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа туған қаласының тарихын таныстырып отыр. Көше атауының берілуіне ерекше үлес қосқан азаматтардың бірі – Кентау қаласында дүниеге келген Павел Асланиди Николаевич.
«Туған қаламыздың есімі Грекияда жарқырап тұрғанын көру – біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл бізге Кентауды әрдайым еске салып, сағынышымызды басқандай әсер береді. Туған жердің орны әрқашан бөлек», – дейді ол.
Бүгінде «Кентау» көшесі орналасқан аумақта жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, халық саны артып келеді. Көшенің атауы уақыт өткен сайын өзінің тарихи маңызын жоғалтпай, Қазақстан мен Грекия арасындағы достық байланыстың, сондай-ақ кентаулықтардың туған жерге деген шынайы ықыласының символына айналып отыр. Туған жердің атауын ұлықтау – ел тарихын ұлықтау. Ал оны өзге елде дәріптеу – туған елге деген адалдықтың айрықша белгісі. Осы игі бастаманың авторларының бірі Павел Асланиди Николаевичке Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов туған қалаға деген ерекше құрметі мен жанашырлығы үшін алғыс білдірді. Қала басшысы мұндай тағылымды бастамалар Кентаудың тарихын, рухани құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Кентау қаласының атынан арнайы сый-сияпат табысталып, туған жерге деген адал ықыласы үшін ризашылық білдірілді. Адал азамат – туған жерін ұмытпайтын, елінің абыройын асқақтатуға үлес қосатын азамат. Алыста жүрсе де Кентаудың атауын ардақтап, туған қаласының атын өзге елде дәріптеп жүрген жерлестеріміздің бұл бастамасы – туған жерге деген мәңгілік сағыныштың ғана емес, елге деген адалдық пен азаматтық жауапкершіліктің де жарқын үлгісі. Кентаудың аты Афина төрінде аталып тұр. Бұл – туған жерге деген махаббаттың уақыт пен қашықтыққа бағынбайтынының айқын дәлелі.
Айта кетейік, Кентау – өндірістік әлеуеті қалыптасқан шаһар. Бүгінде бұл дәстүр жаңа технологиялармен жалғасып, қала экономикасына жаңа серпін беріп келеді. Ұлттық басымдықтардың түпкі мақсаты – экономикалық өсімді халықтың күнделікті өміріндегі нақты нәтижеге айналдыру. Қалада экономиканы әртараптандыру, жаңа өндірістерді іске қосу, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде.


