Түркістан – тарихы терең, тағылымы мол, қазақ халқының рухани болмысын бойына сіңірген қасиетті мекен. Бұл шаһардың әрбір ғимараты мен сәулеттік нысанында халқымыздың тарихы, дәстүрі мен ұлттық дүниетанымы көрініс табады. Сондықтан Түркістанды түлету – жай ғана құрылыс жүргізу емес, ұлттың рухани мұрасын сақтай отырып, келешек ұрпаққа лайықты қала қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда құрылысшылардың еңбегі айрықша мәнге ие. Олар кірпіш қалап, қабырға тұрғызып қана қоймайды. Қасиетті шаһардың келбетін айқындап, тарихи мекеннің рухына сай заманауи нысандарды дүниеге әкеледі. Әрбір жаңа ғимарат – Түркістанның бүгінгі тынысын танытатын, ертеңгі тарихына айналатын нысан. Бүгінде Түркістанда бой көтерген мәдениет, білім, спорт, әлеуметтік және қоғамдық нысандар қаланың жаңа келбетін қалыптастырып келеді. Олардың сәулеті ұлттық нақышпен үндесіп, қазақы болмыс пен заманауи талаптарды сабақтастыра түсуде. Бұл – құрылыс саласының мамандарына жүктелген үлкен жауапкершілік.
Құрылысшы – сызбадағы жобаны шынайы нысанға айналдыратын, еңбегімен ел игілігіне қызмет ететін маман. Әсіресе Түркістан секілді тарихи әрі рухани шаһарда еңбек ететін құрылысшылардың жауапкершілігі еселене түседі. Себебі мұнда әрбір ғимарат қаланың сәулеттік тұтастығына ғана емес, оның тарихи келбетіне де әсер етеді. Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінде Құрылысшы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, құрылыс саласының ардагерлері мен сала мамандары, жас құрылысшылар қатысты. Құрылысшы күніне арналған салтанатты жиында осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерге, білікті мамандарға және жас құрылысшыларға ерекше құрмет көрсетілді. Сала үздіктері марапатталып, құрылыс ісінің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі ел алдында еленді. Жиынның ең тағылымды сәттерінің бірі – құрылыс саласының ардагерлерінің жас мамандарға «Құрылыс кодексін» табыстауы болды. Бұл – тәжірибеден тәлімге, аға буыннан жас мамандарға жалғасқан кәсіби сабақтастықтың символы. Өйткені елді мекендерді көркейтетін ғимараттар ғана емес, сол ғимараттарды тұрғызатын кәсіби мәдениет пен жауапкершілік те ұрпақтан ұрпаққа берілуі қажет. Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, құрылыс саласында қолданылатын заманауи техника мен құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары мен арнайы аппараттар көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімі құрылыс саласының ардагерлерімен бірге көрмені аралап, ұсынылған құрал-жабдықтармен танысты. Салтанатты жиында облыс әкімі алғысөз сөйлеп, құрылыс саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Түркістанның жаңаруы – бір күннің немесе бір жылдың нәтижесі емес. Оның артында мыңдаған маманның маңдай тері, тынымсыз еңбегі, кәсіби білімі мен елге деген жауапкершілігі тұр. Қасиетті Түркістанның тарихи келбетін сақтап, ұлттық сәулетіміздің ерекшелігін заманауи құрылыс талаптарымен ұштастыру – баршамызға ортақ міндет. Ал осы міндетті абыроймен атқарып жүрген құрылысшылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Құрылысшы – елдің бүгінін тұрғызып, ертеңіне із қалдыратын маман. Қасиетті Түркістанның әрбір жаңа нысаны – ұрпаққа аманат, ел дамуының белгісі, қазақы болмыстың заманауи сәулеттегі көрінісі. Құрылыс саласының барша ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз жемісті, қолға алған жобаларыңыз берекелі, тұрғызған әрбір нысандарыңыз ел игілігіне қызмет етсін!


